Мінезіңізді көркемдейтін 20 нақыл ("Асыл арна" | ЖАН ТƏРБИЕСІ) 1. Ауру тек денеде ғана болмайды, мінезде де бар. Егер біреуден жаман мінез көрсең, оған шипа сұрап дұға қыл. Оған жабысқан кеселден сені сау қылған Аллаға мақтау айт. ШҮКІРЛІК 2. Сырды сақтау шеберлігі жан дүниенің байлығын көрсетеді. Ішінде су тұрмайтын ыдыстың зияны секілді, сырды сақтай алмайтын адамның пайдасы кем. АМАНАТШЫЛДЫҚ 3. Егер əр адам қасындағы кісінің жүрегіндегін көре алса, оған жаны қатты ашитын еді. Ішкі таразының əділдігіне көзі жетер еді. Сыртқы өлшемдердің алдамшы екенін терең түсінер еді. Іштарлық, қызғаныш, көрсеқызарлыққа ұрынбас еді (Мұстафа Махмуд). ТЕРЕҢ ТҮСІНІК 4. Құдыққа тас тастаған адам ол түбіне жетіп даусы естілгенше қарап тұрады. Сол секілді сені сөккен адамның көбісі жауабыңды күтеді. Ұстамдылықпен көркем мінез таныт. Өткізіп жібер. Құдық түпсіз екен деп ойласын. ТЕРЕҢ ТҮСІНІК 5. Бəрін дұрыс жасауға қанша тырыссаң да сені қате түсінетін адамдардың табылары хақ. Əркімге бір жауап қайтарып өзіңді құр шаршатпағаның дұрыс. Дана ғұламаларымыздың бірі өзін сөккен кісіге былай деген екен: "Егер айтқаның рас болса, Алла мені кешірсін. Ал, өтірікші болсаң, Алла сені кешірсін". БАЙСАЛДЫЛЫҚ 6. "Маған кейде бір адам бір мəселе жайлы айтады. Мен оны ол тумастан бұрын естіп қойсам да оған құлақ саламын. Кейде, бірінші рет естіп тұрғандай күй көрсетемін". (Имам Шәфиғи) Өзің онсыз да жақсы білетін нəрсе жайлы біреу əңгімелеп жатса, оның сөзін бөлмей, білетініңді білдіріп жүрегін жараламай, көңіл бөліп, құлақ салуың мінез-құлықтың аса көркемдігіне жатады. КӨРКЕМДІК 7. Адамдар саған таңқалып жатса, оған масаттанып мақтанба. Себебі, олар сенің Алла жарыққа шығарған жақсы жақтарыңды ғана көріп жатыр. Ал, олар сенің Алла жасырған жаман жақтарыңнан хабарсыз болғанына шүкір де. АЛЛА КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖАСЫРУШЫ 8. Егер сөз шынымен жүректен шыққан болса, онда ол міндетті түрде жүрекке кіреді. Ал, ол тек тілден шыққан болса, құлақтан ары аспайды. ШЫНШЫЛДЫҚ 9. Дұрыс нəрсені тез танып, жүрекпен түсініп, шынайы жанашырлықпен айтпасаң, ісің бекер. МЕЙІРБАНДЫҚ 10. Адамдар сенің сыртыңа қарайды, Жаратушың ішіңмен, жан дүниеңмен бағалайды. Пенделер үшін сыртыңды ғана əдемілеумен əуре боп, ішкі əлеміңді ұмыт қалдырып, ластап алма. ТАҚУАЛЫҚ 11. Кезінде "керең Хатим" деген ғұлама өмір сүрген екен. Келген кісіге өзін керең секілді сездіртеді. Осылайша, басқалардың қателігінен құлағын тыйған ол - "Хатим керең" деген атпен тарихта қалған екен. КӨРКЕМ МІНЕЗ 12. Көздер ұмытпасын десең, əдемі киін. Көңілдер ұмытпасын десең, көркем мінезді бол. ІШКІ СҰЛУЛЫҚ 13. Адамдардың біразы өміріңді сенен бірнəрсе үйрену үшін бақылайтын болса, басқа бір бөлігі қателіктеріңді теру үшін аңдиды. Екі топ та саған таң. Бірі махаббатпен, екіншісі іштарлықпен. ЗЕРЕК БОЛ 14. Біреудің мінін көргенше, Жамандығын тергенше, Өз ойыңды мазалап, Өз бойыңды тазалап, Өзіңмен алыс өлгенше! Ш.Құдайбердіұлы ЖАН ТӘРБИЕСІ 15. Мінез-құлқыңның жоғары өрлеуінің басы - өзгелердің қателіктерін сөз қылмай, көз жұма қарауыңда əрі шексіз кемелдік жалғыз Аллаға тəн екенін əрдайым санада ұстауыңда. АЛЛА КЕМЕЛ 16. Кім өзінің жақсы жақтарынан басқаны көрмей əрі өзгенің кемшіліктерін ғана көруді əдетке айналдырған болса, соқыр кісі одан артық болса керек (Михаил На'има). КӨРСОҚЫР 17. Көркем мінез өзгелердің нашар мінезі арқылы қалыптасады. САБЫРЛЫҚ 18. Адамның мінезі көркемделе түссе, жауы азайып, досы көбейе түседі. Қиын істер жеңілдеп, қатты жүректер жұмсарады (Мәуәрди). ТАБАНДЫЛЫҚ 19. Мұхаммед ибн Сирин (оған Алланың рахымы болсын): "Егер саған бір бауырың жайлы (жағымсыз) хабар жетсе, оны ақтайтын себеп ізде. Ондай себеп таппасаң "мүмкін оның мен білмейтін себебі бар шығар" де" деген (Байһақи). КЕУДЕНІ КЕҢ ҰСТАУ 20. Адамдардың саған қандай қарым-қатынаста болғанын жақсы көрсең, сен де оларға дәл сондай қарым-қатынас жаса. КӨРКЕМ МӘМІЛЕ